Баланың әдеби шығармашылығын дамытуда
санамақтың алатын орны.
Санамақты халық ауыз әдебиетінің атадан балаға мұра болып қалған,ауыздан ауызға тараған ұлттық мазмұнды бөлігі деп танимыз.Кіші жастағы балалар санамақ арқылы қазақ халқының тыныс-тіршілігін,әл-ауқатын,мақсатқа жету ізін,аңсаған арманын,дүниетанымын,халық тәрбиесінің сыр-сипатын танып біледі.
Сонымен қатар санамақ - баланың есептеу,ойлау қабілетін дамытатын санауға үйрету құралы ,ойын. Жас балалардың бойында санамақ арқылы алғашқы қарапайым математика ұғымы қалыптаса бастайды.Сандарды қайталау арқылы санап үйренеді.Балалар сандарды жай атағаннан гөрі санамақ түрінде шапшаң меңгереді.Сандарға заттық мағына беру арқылы,яғни қолға ұстап көруге болатын ,күнделікті тұрмыста қолданатын заттарды көзге елестету арқылы санамақ өз мақсатына жетеді.Екі дегеннен де екі алма дегенде бірден түсінеді.Санамақ баланы зеректікке,ептілікке,икемділікке үйретеді.
Әр ұлт балалары өз тілінде санамақ жаттап, оны сюжетті-рөлдік,түрлі қимыл –қозғалыс ойындарында қолданады. Барша халықтар санамақтарының атқаратын негiзгi қызметi ортақ, ол – ойынды бастауға жетекшi тағайындау және сол ойындағы әр баланың мiндетiн анықтау .Өзiнiң ерекше кең таралуымен де, балалар көңiл күйiне әсерлiгiмен де, сандық көлемi жағынан да бұл жанр ойындық балалар фольклорында ерекше маңызды орын алады.
Санамақты балалар тiлi еркiн шыққаннан бастап , ойыннан қол үзiп ересек тарта бастағанға дейiнгi он үш-он бес жас кездерiне дейін жарыса жаттап, қызыға айтып жүредi. Балалар арасында санамақты көп бiлумен және оны мәнерiне келтiрiп айта бiлетiндiгiмен «беделге» ие болғандары болады. Жасөспiрiмдер арасында осыншалық құрметке ие болған бұл жанрдың тәлiмдiк мәнi де өте зор. Ең алдымен ұйқасты өлеңдер баланың поэзияға құмарлығын арттырып, әдемi сөйлеуге дағдыландырса, санамақты көп жаттауға деген құлшыныс олардың жаттау қабiлеттерiн, танымдық ой өрiсiн дамытады, ал санамақты ырғағымен айта бiлу мәнерлi сөйлеуге үйретсе, санамақ тәртiбiн бұзбай айту баланы сергектiкке, байқампаздыққа баулиды. Санамақ баланың өлеңге құмарлығын арттырады. Жатық сөйлеуге дағдыландырып, олардың жаттау машығын, танымдық ой өрiсiн жетілдіреді.
Санамақты баланың санасына жеткізе білетін қазақтың көптеген ақындары да бар.Балалар ақыны Қадыр Мырзалидің «Онға дейін санау»өлеңі баланың тіліне жетік, тәрбиелік мәні терең көрсетілген және қызықты.
Осынау үлгілерге қарап бастауыш сынып оқушылары сабақтан тыс жұмыстарда өз санамақтарын құрап жаттығады.Біздің мектепте 3-4-сыныптарда жүргізілетін «Сөйлеу мәдениеті» факультатив сабағында балалар әр тақырыпта санамақтар жаттап,өлең құрауға машықтанады.Ұйқастыру арқылы топтасып та,жеке де бала тілімен санамақтар шығарып үйренуде.Мысалы:
Бір деген-Қазақстан, Алты деген –Астана,
Айналайын атыңнан. Елордамыз,жас қала.
Екі деген –егемен, Жеті деген -елтаңба,
Еркіндікке жеткізген. Әнұраным,туым да.
Үш дегенім-елдігім, Сегіз деген - салт-дәстүр,
Далам,тауым,кеңдігім. Әдет-ғұрып және біл.
Төрт деген –қазақ тілі, Тоғыз деген – көпұлтты,
Құрметті ана тілі. Татулықта ел мықты.
Бес дегенім-Елбасы, Он деген-Отанымыз,
Нұр атамыз ардақты. Аман болсын халқымыз!» деп Қазақстан туралы санамақтарынан балалардың Отаны жайлы түсініктері,білім-біліктері мол,терең,өз елін басқаға мақтанышпен таныта білетінін аңғарасың. Қазақстанның тәуелсіз ,егеменді мемлекет екенін балалардың көзімен,ойымен айқын байқауға болады.Одан басқа аңдар ,жемістер ,үй жануарлары туралы санамақтары да өте тартымды,қызықты.
Халық ауыз әдебиетіндегі халық санамағын бала санасында қайта жаңғырта білу –басты парызымыз.Санамақты білім мазмұнына,ұлттық тәлім-тәрбие беру үрдісінде икемді пайдалана отыра,балалардың әдеби шығармашылығын ,ой-өрісін,қиялын дамыта түскеніміз абзал.
Жаңалықты мекеменің сайтында қарау